Ақтөбеде батыр ана 11-баласын дүниеге әкелді

7 ұл мен 4 қыз баланы дүниеге әкелген Мнаура Мұқтарова 39 жаста.
Он бірінші баласымен аман-есен қауышып, қолына алған Мнаура Мұқтарова 3 наурызда босанған. Дүйсенбі күні салмағы 3 келі 68 грамм, бойы 57 см болатын ұл бала дүниеге келген.
Жылына 8 мыңнан астам әйел босанатын Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығының тарихында мұндай оқиға алғаш рет болған.
«Ана мен нәрестенінің денсаулығы жақсы. 5-6 баласын дүниеге әкеліп жатқан аналарды жиі көреміз. Бірақ 11 рет құрсақ көтеру деген сирек кездеседі. Бұдан бөлек, жылына 2-3 әйел үшем босанса, 120-ға жуық ана егізді дүниеге әкеледі», — дейді Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығы директорының орынбасары Андрей Гайдай.
7 ұл мен 4 қыз баланы дүниеге әкелген Мнаура Мұқтарова 39 жаста. Үлкені 17-те. Сондай-ақ Хан-Темір мен Хан-Тәңір атты егіз ұлдары бар. Соған қарап 11-ші баларының есімін Хан-Төре деп қойған.
Мнаура 11 баланы өмірге әкелуді армандамағанын айтады.
«5-6 балам болса шүкір дейтінмін. 3 ұл, 3 қызым болса деп армандап едім. Енді қазіргі таңда жолдасымның өзі «сен деген үлкен енеңе жетіп отырсың, арманыңнан да асып кеттің», — деп жатыр, шүкір. Тіл-көзден аман болсын деймін», — дейді көпбалалы ана Мнаура Мұқтарова.
Дүние есігін ашқан сәбиді перзентханадан шығарып алуға бауырлары мен туыстары жиналған. Жүк көлігі жүргізушісі болып еңбек ететін отағасы Айдын Рамазанов іссапарда болған соң келе алмаған.
Сонымен қатар 11-ші баласы дүниеге келген отбасы үшін биылғы жыл қуанышты жаңалықтан басталған. Баспана кезегінде тұрған батыр анаға 4 бөлмелі пәтер кілті табысталған. Жұбайы іссапардан оралған соң жаңа үйде шілдехана тойы болмақ.
https://turkystan.kz/article/256912-aktobede-batyr-ana-11-balasyn-duniege-keldi
Сіздің реакцияңыз қандай?






