Жүк көлігінің жүргізушісі 8 адам қаза тапқан жол апатына кінәлі деп танылды

Қазақстанның батысында бес бала мен үш ересек адам қаза тапқан жол-көлік оқиғасы бойынша жүк көлігінің жүргізушісі, шетелдік азамат кінәлі деп танылды, деп хабарлады turkystan.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Мәлімет бойынша, Ақтөбе облысында бұл резонансты іс бойынша сот процесі жүріп жатыр. Тергеу нәтижесінде апаттың негізгі себебі Сергей Соловьев есімді жүк көлігінің жүргізушісі болғаны анықталды.
Жәбірленуші тарап моральдық өтемақы талап етіп отыр, оның жалпы сомасы 70 миллион теңгеге дейін жеткен.
Сотта 37 жастағы Беларусь азаматы өз кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтты. Ол азаматтық талаптардың сомасын азайтуды сұрап, өзінің отбасындағы жалғыз асыраушы екенін және жұбайының декреттік демалыста екенін алға тартты.
Ақтөбе облысының аға прокуроры Әсел Таналиева сот отырысында сөз сөйлеп, жүк көлігінің жүргізушісіне бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.
“Құрметті сот, Сергей Юрьевич Соловьевты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған бес жыл бас бостандығынан айыру және жеті жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын”, – деді ол.
Еске салсақ, 7 тамызда Самара – Шымкент автожолының 862-шақырымында (Хромтау ауданы) жүк көлігі мен ішінде 8 адам болған минивэн соқтығысқан. Жол апатының салдарынан көліктегі үш ер адам мен бес бала оқиға орнында қаза тапты.
Екі ұл бала – туған ағайындылар – көлікте әкесімен бірге болған. Олар Маңғыстау облысында өтетін шағын футбол турниріне бара жатқан.
8 тамызда полиция жүк көлігінің жүргізушісінің уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады. Алдын ала мәлімет бойынша, жүк көлігінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кеткен.
https://turkystan.kz/article/253290-zhuk-koliginin-zhurgizushisi-8-adam-kaza-tapkan-zhol-apatyna-kin-li-dep-tanyldy
Сіздің реакцияңыз қандай?






