Зауытта жұмыс істеудің өз қызығы бар – Толқын Ержігітова

«Қызылорда облысының Қаратөбе ауылының тумасымын. Мектеп бітірген соң Шымкенттегі политехникалық техникумға оқуға түстім. Жұбайыммен сол жерде таныстым. Екеуміз бір группада оқыдық. 1989 жылы техникумды «Химиялық технология» мамандығы бойынша тәмамдап, жолдамамен жас маман ретінде Павлодардағы мұнай өңдеу зауытына келдік. Бұл зауыт мұнайдан бензин, керосин, дизель, битум сияқты тауарларды өндіреді. Жолдасым қондырғыдан бастап, орынбасар, басшы сияқты түрлі қызметтерді атқарды. Қазір координатор. Оңтүстіктен келген бізге солтүстікке сіңу оңай болмады. Қайтқымыз келіп, бір жылдан кейін басшымызға бардық. Қайтуға рұқсат сұрадық. «Сендер жақсы, жас мамансыңдар, жібере алмаймыз» деп алып қалды. Үлкен кісінің сөзінен аттап кете алмадық. Одан кейін Кеңес үкіметі ыдырап, қайту мүмкін болмады. Осы зауытта бірге еңбек етіп жатқанымызға 35 жыл болды. Бұйырса үш жылдан кейін зейнетке шығамыз», – дейді зертхана маманы.
Толқын Әбілешқызының жұмыс күні арнайы жұмыс киімін киюден басталады. Арнайы киімсіз жұмысқа кіріспейді.
«Ауысыммен жұмыс істейміз. Бір күн түнде 12 сағатқа шықсақ, келесі күні күндіз 12 сағатқа шығамыз. Одан кейін екі күн демаламыз. Жұмыста тек формамен жүреміз. Дәрігерлердің ақ халатындай формамыз бар. Реактивтермен жұмыс істеген кезде қолғап киеміз. Жұмысшыларға зияны тимес үшін зауыт ішіндегі ауаның құрамын тексеріп отырамыз. Тексерудің де түрлі амалы бар. Түрлі құрылғылар мен аппараттар бар. Қақпағы бар үлкен шприцпен ауаны сорып әкеліп, хромотограф деген приборға сол ауаны жіберіп, бензол, ксилол сияқты көрсеткіштерді тексереміз. Ауа құрамындағы күкіртсутек, көмірсутекті қадағалаймыз. Оны ГАНК деген приборға кассета салып тексереміз. Зауыт ішіндегі ауаны ғана емес, фильтрден келетін ауыз суды да тексереміз. Судың қаттылығын, хлорид, темір, pH көрсеткішін бақылаймыз. Күнде тексере бермейміз, өзінің кестесі бар. Сол кестеге сай жұмыс істейміз. Зауыттың маңайында санитарлық қорғаныс аймағы бар. Зауыт сыртындағы тұрғын үйлердің тұрғындары зардап шекпеуі керек. Сол тұрғын үйлерге дейінгі жердің өлшемі бар. Сол жерге барып, ауаны алып келіп, оны да тексереміз. Белгіленген нормалар бар. Көрсеткіштердің сол нормалардан аспауын қадағалаймыз. Нормадан асса, шара қабылданады. Біз зертханашы – экологпыз», – дейді өзі.
Толқын Әбілешқызы өз жұмысына дән риза. Себебі бұл жұмыстың да ел білмейтін, көзге көрінбейтін өз қызығы бар.
«Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Өзімді басқа жұмыста елестете алмаймын. Жүрген жерімде жұмысым жайлы айтып жүремін. Көзімен көрмеген соң жұрт бұл жұмыстың қандай екенін біле бермейді, түсінбейді. Зауытта істеу денсаулыққа зиян деп ойлайды. Өндірістің зиян екені рас. Бірақ біздің зауытта барлық жағдай жасалған. Зертханада қауіпсіздік шаралары қарастырылған. Қауіп зауытта ғана емес, қаланың өзінде де бар. Ерсілі-қарсылы жүріп жататын көліктерден газ бөлінеді. Ол да сондай зиян. Зауытта істемесем, маған зиян тимейді деп ойламау керек. Зауытта жұрт ойлағандай тек ауыр жұмыс емес, өзінің қызығы да бар. Мысалы мен реактив дайындаймын. Оны қалай болса солай дайындасаң, ертең тексерген кезде дұрыс болмай қалады. Ал ынты-шынтыңмен дайындап, әдемі шыққанын көрсең, өзің ләззат аласың. Реактивтерім әдемі шыққан сайын қуанып кетемін. Бұл жұмыс маған ана ретіндегі парызымды атқаруға да мүмкіндік берді. Үйде балаларыммен көп уақыт өткізе аламын. Жолдасымның жағдайын жасап, қонағымды да күте аламын. Жұмысым соған мүмкіндік берді», – дейді маман.
Кейіпкердің жеке мұрағатынан
https://turkystan.kz/article/256920-zauytta-zhumys-isteudin-oz-kyzygy-bar-tolkyn-erzhigitova
Сіздің реакцияңыз қандай?






