Мәжіліс спикері әйел депутаттарды мерекесімен құттықтады

Мәжіліс спикері әйел депутаттарды мерекесімен құттықтады

Жиын барысында Ерлан Қошанов биылғы көктем мерекесінде жаңа дәстүрдің негізі қаланып жатқанын айтты.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың қатысуымен 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын өтті. Онда Палата спикері нәзік жандыларды төл мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде 18 әйел депутат бар. Ерлан Қошанов олардың мемлекеттің игілігі жолындағы ерен еңбегі мен заң шығару ісіне қосқан мол үлесін атап өтті.

Жаңа Мәжілістің жасақталғанына 2 жыл толғалы отыр. Мәжіліс төрағасы осы уақыттың ішінде көп жұмыс атқарылып, маңызды заңдар қабылданғанына ерекше назар аударды.

«Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентке үлкен сенім артып отырғанын білесіздер. Халықтың да бізге артар аманаты мен үміті зор. Президенттің сол тапсырмаларын, азаматтардың талап-тілегі мен мұң-мұқтажын сіздер абыроймен атқарып келесіздер. Сол үшін шексіз алғыс айтамын», – деді Палата спикері.

Жиын барысында Ерлан Қошанов биылғы көктем мерекесінде жаңа дәстүрдің негізі қаланып жатқанын айтты.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер қауымының бірқатар өкілін мемлекеттік наградалармен марапаттау жөнінде арнайы жарлыққа қол қойды. Олардың қатарында біздің де әріптестеріміз бар. Жаңа ғана Айгүл Құспан Мемлекет басшысының қолынан «Парасат» орденін алды. Тағы бір мәртебелі марапатты Президентіміз маған табыстауды тапсырды. Депутат Ажар Сағындықова бүгін «Құрмет» орденімен марапатталады. Бұл наградалар – Мемлекет басшысының Мәжілістегі арулардың бәріне берген жоғары бағасы деп білемін», – деді Мәжіліс төрағасы.

Мәжілістің баспасөз қызметі

https://turkystan.kz/article/256915-m-zhilis-spikeri-iel-deputattardy-merekesimen-ku-ttyktady

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow