Халық денсаулығы – ұлт байлығы

Дені сау ұлт – қуатты мемлекеттің негізі. Сондықтан халықтың денсаулығын сақтау мен нығайту – тек медицина саласының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. «Тәні саудың – жаны сау» деген халқымыздың даналығы бүгінгі күні де өз маңызын жойған жоқ.
Соңғы жылдары елімізде халық денсаулығын нығайтуға бағытталған бірқатар ұлттық жобалар іске асырылып келеді. Атап айтқанда, «Саламатты Қазақстан», «Денсаулық» және қазіргі «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету, скринингтік тексерулер, вакцинация, созылмалы және жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар ауылдық елді мекендерде медицина инфрақұрылымын дамыту, жылжымалы медициналық кешендерді көбейту сияқты нақты шаралар халыққа сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында денсаулық сақтау саласындағы реформалардың маңыздылығына үнемі тоқталып келеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде алғашқы медициналық көмекті қолжетімді ету, дәрігерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту секілді жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Цифрландыру да медицина саласына оң әсерін тигізіп отыр. Электронды денсаулық паспорты, телемедицина, онлайн кеңес беру, науқастарды қашықтан бақылау жүйелері – қазіргі заманғы медицинаның жаңа мүмкіндіктері. Бұл – уақытты тиімді пайдалануға, адам ресурстары мен қаржыны оңтайлы бөлуге жол ашады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, адамның денсаулығы 50–55% жағдайда өмір салтына байланысты. Бұл дегеніміз – дұрыс тамақтану, қозғалыс белсенділігі, зиянды әдеттерден бас тарту, психологиялық тұрақтылық және қоршаған ортаның тазалығы басты рөл атқарады деген сөз.
Ғалымдардың айтуынша, физикалық белсенділік жүрек-қантамыр, тыныс алу және тірек-қимыл жүйелерінің дұрыс жұмыс істеуіне ықпал етеді. Күніне кемінде 30–40 минуттық дене жаттығулары адамның жалпы төзімділігін арттырады.
Дұрыс тамақтану да маңызды. Ақуыз, көмірсу, май, дәрумендер мен минералдар арасындағы тепе-теңдік – ағзаның дұрыс жұмыс істеуінің басты шарты. Ал фаст-фуд, газды тәтті сусындар және өңделген өнімдер семіздік, қант диабеті және жүрек ауруларының дамуына әсер етеді.
Темекі, алкоголь және есірткі – қоғамның әлеуметтік әрі медициналық мәселелері. Темекі шегу – әлемде жыл сайын 8 миллионнан астам адамның өліміне себепші болатын негізгі факторлардың бірі. Ал алкогольді шамадан тыс тұтыну бауыр аурулары мен психикалық бұзылыстарға алып келеді. Сондықтан бұл әдеттерден арылу – тек жеке адамның емес, тұтас ұлттың денсаулығын сақтау жолындағы маңызды қадам.
Жан саулығы – дене саулығының кепілі. Ұзаққа созылған күйзеліс, ұйқының бұзылуы мен депрессия адамның иммундық жүйесіне кері әсер етеді. Соңғы жылдары медитация, тыныс алу жаттығулары, психологиялық кеңес беру мен әлеуметтік қолдаудың маңызы артып отыр.
Мемлекет пен медицина саласы қандай қолдау жасаса да, әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарамайынша, түбегейлі өзгеріс болмайды. Денсаулық сақтау – ең алдымен, аурудың алдын алу. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстану, зиянды әдеттерден бас тарту, тұрақты тексеруден өтіп тұру – әр азаматтың өз қолындағы іс.
Халық денсаулығын сақтау – ұлттық қауіпсіздік пен ел дамуының негізі. Бұл – тек дәрігерлер мен мемлекеттік органдардың емес, бүкіл қазақстандық қоғамның ортақ ісі. Ел байлығы – тек табиғи ресурстарда емес, ең алдымен, сауатты, дені сау, бәсекеге қабілетті азаматтарында. Сол себепті «Халық денсаулығы – ұлт байлығы» деген ұстаным – қазіргі Қазақстан дамуының темірқазығына айналуы тиіс.
Сіздің реакцияңыз қандай?






