Ақ тілек

Ақ тілек
Қадірменді аудан тұрғындары!
Ардақты ағайын!
Баршаңызды ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы болған, күн мен түннің теңелетін, жер-дүниенің көктеп-көгеретін, күллі тіршілік атауының қайта түлеп-жаңаратын, айналасына шуағын шаша келетін науша- Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Жыл басы болып келетін әз-Наурыз мейрамы халқымыздың рухани жан дүниесін байыта түсері сөзсіз. Өйткені, барша отандастарымызды ынтымақ пен бірлікке, татулық пен ізгілікке, адамгершілік пен имандылыққа үндейтін Ұлыстың Ұлы күнінің ұлтымыз үшін маңызы айрықша.
Бүгінде Әз-Наурыз мерекесі ару Алтайдан әсем Алатауға, қазыналы Қаратаудан қарт Каспийге дейін созылып жатқан байтақ еліміздің дамуы мен өркендеуіне зор үлес қосып отырған ел бірлігінің жарқын үлгісіне айналды. Сондай-ақ, халқымыз бен барша мұсылман баласы биылғы Наурыз мерекесін қастерлі Ораза айы үстінде қарсы алып отыр.
Бүгінде бұл мейрам ұрпақтар сабақтастығының және халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетінің символындай биікке көтерілді. Өйткені, әз-Наурыз – ынтымақ пен берекенің, тәрбие мен тазалықтың, еңбек пен өнердің үкілі мерекесіне айналды.
Жаңаша сипатқа ие болған ұлтымыздың ұлық мерекесі Наурыз бүгінде еліміздегі ең үлкен жалпыхалықтық мереке биігіне көтеріліп қана қоймай, халықаралық статусқа да ие болды. Өйткені, қазіргі таңда ұлы өркениетімізден тамыр тартқан Ұлыстың ұлы күнін – әлем халықтары да бірге атап өтуде. Сондықтан да, Біріккен Ұлттар Ұйымының Наурызды халықаралық мереке ретінде қабылдауы да кездейсоқ емес.
Бүгінде сол қуанышы мол Наурыз мейрамы – ай бойы тойланатын еліміздегі ерекше мерекеге айналды. Әрбір күніне арнайы атаулар беріліп, ұлы құндылықтарымыз жаңарудың жаңа дәстүрлерімен сабақтас болып отыр.
Ертеңгі күннен жақсылық күтіп, көңілге үміт пен сенім ұялатар ізгі тілектермен өрнектелер Наурыз мейрамы құт пен береке, ырыс пен дәулет алып келсінІ
​Шаңырақтарыңыз шаттыққа толып, еңбектеріңіз жемісті болсын! Жандарыңыздан жылылық, жүздеріңізден шуақ кетпесінІ Дендеріңіздің саулығы осы дүниелерге тірек болсын!
Әз-Наурыз ұрпақ мерекесіне айналсын!
​Ұлыс оң, ақ мол болсын ағайын!
Сәкен Мамытов, Сарысу ауданының әкімі

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow