Әйелдер неге аз жалақы алады?

Әйелдер неге аз жалақы алады?
Елімізде ерлердің жалақысы әйелдердің жалақысынан шамамен 27 пайызға жоғары. Кей өңірлерде бұл алшақтық 70 пайыздан асады екен.

Гендерлік жалақы теңсіздігі – дүние жүзінде кездесетін әлеуметтік-экономикалық мәселе. Ерлер мен әйелдер бірдей жұмыс атқарса да, әртүрлі мөлшерде жалақы алатыны қоғамдағы теңсіздіктің айқын көрінісі деп есептеледі. Әлем бойынша осы мәселені реттеу үшін ауқымды жұмыс жүріп жатқанына қарамастан, жалақы айырмашылығын жою үшін әлі 257 жыл қажет болуы мүмкін.

Айырмашылық
120 мың теңгеден асады

Ерлер мен әйелдердің орташа айлық номиналды жалақысындағы айырмашылық 26,5 пайызға жеткен. Бұл – Finprom сарапшыларының былтыр жүргізген зерттеуіндегі дерек. 2022 жылы бұл айырмашылық – 20,4 пайыз, яғни айтарлықтай төмен болған.
Аймақтарды жеке-жеке алып қарайтын болсақ, 2023 жылы ең үлкен алшақтық Атырау облысында байқалған: ерлердің жалақысы әйел­дерден 85,8 пайызға, ал 2022 жылы – 77,2 пайызға жоғары бол­ған. Одан кейінгі орындарда 72,8 пайызбен Маңғыстау және 52,4 пайызбен Ұлытау облыстары тұр. Ең аз айырмашылық Жамбыл облы­сында тіркелді: бұл аймақтағы алшақтық бар болғаны – 1,8 пайыз. Осылайша, жалпы 20 өңірдің тек екеуінде әйелдер ерлерге қара­ғанда көбірек табыс тапқан. Салыстыру үшін айта кетейік, 2022 жылы 18 өңірдің бесеуінде жағдай осындай болған.
Былтыр Maqsut Narikbayev University жанындағы MIND ғылыми-сараптама орталығы да Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйене отырып, Қазақстанның әр өңірінде ерлер мен әйелдердің жалақысында қаншалықты айырмашылық бар екенін зерттеген. Сол зерттеу нәтижесінде белгілі болғандай, 2015 жылға дейін Қазақ­станда ерлер мен әйелдердің жалақы айырмашылығы ұлғайып, ең жоғары көрсеткіш 110 мың теңгеден асқан. 2016-2021 жылдар аралығында бұл айырмашылық аздап қысқарған. Алайда 2021 жылдан бастап ерлердің жалақысы жыл сайын артып келеді: 2023 жылы айырмашылық 120 мың теңгеден асып кеткен.
Economic Research Institute зерттеуі де еңбекақыда айтар­лықтай айыр­ма­шылық бар екенін нақтылай түседі. Са­рап­шылар бір сағаттағы орташа жала­қы­ны салыстырған. Осылайша, ер ада­м­дар­дың орташа сағаттық жалақысы 2 307 тең­ге болса, әйелдер 1 871 теңге алады екен.
– Осы 19 пайыздық айырмашылық ген­­­дерлік теңсіздікті жою үшін қосымша шара қажет екенін көрсетеді, – дейді институт са­­рап­шылары.

Жағдайды өзгертуге
257 жыл қажет

Әлем бойынша әйелдер ерлерге қа­ра­ғанда төмен жалақы алады, ал ген­дерлік жалақы айырмашылығы жаһан­дық деңгейде шамамен 30 пайызға жетеді. Бұл дегеніміз – бір жыл істеген жұмыстың тек 10,5 айына ғана жалақы берумен бір­дей. Жалпы, ерлер мен әйелдерге тең жа­ла­қы төлеу қажет екені мойын­дал­ға­ны­мен, оны іс жүзінде жүзеге асыру қиын бо­лып отыр. Өзгерістің қарқыны қазір­гі­дей болса, тіпті бұған 257 жыл қажет бол­уы мүмкін екен.
Мәселен, PwC деректері бұл өзгерістің өте баяу жүріп жатқанын көрсетеді. 2011 жыл­дан бастап Экономикалық ынты­мақ­тастық және даму ұйымына мүше елдерде орташа жалақы айырмашылығы небәрі 3,3 пайыздық тармаққа ғана қысқарған.
Бұл алшақтықты жою үшін әлемнің көп­теген елі жаңа заңдар қабылдап, олар­дың орындалуын қадағалап отыр. Мә­се­лен, Еуроодақта осы мәселені реттеуге ба­­ғытталған заңдар бар. Одан бөлек, әлем­дік деңгейде жұмыс істейтін ұйымдар, ұйым­­дардың жанынан құрылған бірлес­тіктер де бар. Мәселен, Тең жалақы үшін құ­­­­рылған халықаралық коалиция (EPIC) – Халықаралық еңбек ұйымы (ILO), БҰҰ – Әйелдер (UN Women) және Экономи­ка­лық ынтымақтастық және даму ұйымы (OECD) басқаратын бастама. EPIC әртүрлі елдер мен ұйымдарды біріктіріп, үкімет­тер, жұмыс берушілер және жұмысшылар­мен бірге нақты қадамдар жасайды. Бұл – жа­лақы айырмашылығын азайту үшін әлем­дік, аймақтық және ұлттық деңгейде жұ­мыс істейтін жалғыз көпжақты серік­тес­тік.
Одан бөлек, 18 қыркүйекте Халықара­лық тең жалақы күні атап өтіледі. Бұл күн БҰҰ-ның адам құқықтарын қорғау және әйелдер мен қыздарға қатысты кемсітуші­лік­тің барлық түрлеріне қарсы күрес жө­ніндегі міндеттемелеріне негізделген. Еуро­пада да Тең жалақы күні бар. Бұл күн әйел­дер ерлермен салыстырғанда шартты түр­де «жалақы алмайтын» уақыттың бас­талуын білдіреді. Яғни, дата ЕО-дағы ген­дер­лік жалақы айырмашылығына байла­нысты өзгеріп отырады. 2024 жылы ол 15 қарашаға түсіпті.
2023 жылғы қазанда АҚШ ғалымы Клау­дия Голдин экономика саласы бойын­ша Нобель сыйлығын «Еңбек нарығындағы әйелдердің рөлін жақсырақ түсіндіруге қосқан үлесі үшін» иеленді. Өзінің бүкіл ман­сабында Голдин экономикалық ген­дерлік теңсіздіктің себептерін зерттеумен айналысып, әр дәуірге сай өзгеретін ерлер мен әйелдердің жалақы айырмашылығын талдаған.

Жасырын актив

Осыған қарамастан, әлем бойынша орта есеппен әйелдердің білім дең­гейі ерлерге қарағанда жоғары. Бұл де­ректер – UNESCO Institute for Statistics зерт­теулерінің нәтижесі. Ұлттық ста­тис­ти­ка бюросының мәліметіне сүйенсек, Қа­зақстанда жоғары білімді ерлер мен әйел­дердің үлесі шамамен бірдей: ерлер – 27,9 пайыз, әйелдер – 27,3 пайыз. Ал ЭЫДҰ деректеріне сәйкес, әйелдер жалпы алғанда сауаттырақ, ал математикаға де­ген қабілеттері стереотиптерге қарамастан ерлер­мен шамалас деңгейде, ал Қазақ­стан­дағы әйелдердің қарым-қабілеті одан да жоғары.
Сондықтан бұл мәселенің себебі білім не­месе білік деңгейіне байланысты емес де­ген тұжырымға келуге болады. Дүние жү­зіндегі сарапшылар проблема тарихи жә­не құрылымдық тұрғыдағы билік қа­тынастары, кедейлік, ресурстар мен мүм­кін­діктерге қол жеткізудегі теңсіздіктен туындайтынын алға тартады.
Одан бөлек, қоғамдағы гендерлік сте­рео­типтер де жалақы теңсіздігіне ықпал етеді. Әйелдер көбінесе «нәзік», «мейірімді», «жанашыр» болуға тәрбиеленеді, сондық­тан олар жалақы мәселесінде талап қою­дан тартынуы мүмкін. Сонымен қатар ер адам­дар негізгі асыраушы рөлінде қарас­ты­рылады, сондықтан оларға жоғары жа­лақы төлеу заңдылық деп қабылданады.
– Әйелдер үй шаруашылығын жүр­гізу­ге және отбасы мүшелеріне күтім жасауға ер­лерге қарағанда үш есе көп уақыт жұм­сайды – тәулігіне 4 сағат 14 минут, ал ерлер небәрі 1 сағат 28 минутын арнайды. Со­нымен қатар, әйелдер жұмысынан бө­лек үй шаруасына да атқарады, ерлер шек­теусіз жұмыс істей алады, – деп айты­лады Halyk Finance зерттеуінде.
Әлемдік зерттеулерге сүйенсек, ген­дер­­лік жалақы теңсіздігі экономикалық өсім­­ді тежейді. Дү­ниежүзілік банк дерек­тері бойынша, ген­дерлік теңдік эконо­ми­калық өнім­ді­лікті арттырып, кедейлік дең­гейін төмен­де­теді. Әйелдердің қаржы­лық тәуелсіз­дігі­нің төмен болуы оларды тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа, дискри­минацияға ұшы­ратуы мүмкін.
2023 жылы The Economist басылымы «Әйел­дер – Жапонияның жасырын ак­тиві» деген тақырыпта мақала жариялады. Онда елдің бұрынғы Гендерлік теңдік министрі Мори Масаконың «Жапонияның экономикасының келешегі әйелдерге бай­ланысты деп сеніммен айта аламын» деген сөзі негізге алынады. Мақалада келтірілген деректерге сүйенсек, Жапония Дүние­жүзі­лік гендерлік теңдік индексінде 146 елдің ішінде 116-орында тұр. Елде әйелдердің жұмысқа араласуы демографиялық өсімге кері әсер етеді деген сенім бар. Соған қарамастан, жапон әйелдерінің білім деңгейі мен денсаулық жағдайы әлем бойынша ең жоғары көрсеткіш көрсетеді екен. Яғни, бұл дегеніміз – ел халқының жартысынан көбі білімді, білікті, мықты, қажырлы еңбекке дайын азаматтар деген сөз. Ел билігі егер осы «жасырын актив» ел экономикасына үлес қоса бастаса, қарқын да, өсім де еселенетініне бек сенімді.

Айгерім Құсайынқызы,
Халықаралық құқық магистрі, гендерлік экономиканы зерттеуші:

Жалақы айырмашылығы
ұлғайған сайын, мемлекет экономикалық тұрғыдан ұтылады

– Ең алдымен, Қазақстандағы ерлер мен әйелдердің жалақысындағы айырмашылық бізде 21 мен 25 пайыз аралығында құбылып тұр. Ал әлем бойынша ол көрсеткіш 33 пайызды құрайды. Әйелдер мен ерлердің арасындағы жалақыдағы ашықтық, негізінен, өңірлерге, мамандыққа, салаға және басқа да факторларға байланысты.
Еліміздегі жалақыдағы гендерлік алшақтық ең үлкен аймақ – Атырау облысы. Себебі Қазақстан бойынша ең жоғары жалақы алатын – атыраулық мұнайшылар және Атырау мұғалімдерінің арасында жалақыдағы алшақтық көп. Ал кейбір өңірлерде, мысалы, Жетісу облысында керісінше, гендерлік алшақтық кері бағытта екені байқалады.
Ең алдымен, елімізде топ-менеджмент пен басшылық қызметтерде әйелдердің үлесі аз. Жалпы, кез келген салада жалақы қалай өседі? Еңбек өтілі мен мансабы өсуіне байланысты. Яғни, қызметте жоғарылаған сайын жалақы да артады. Алайда жоғары буын басшылығында әйелдердің үлесі төмен. Мысалы, «Самұрық-Қазынада», Мәжілісте және басқа да мемлекеттік немесе ірі ұйымдарда әйелдер саны 30 пайызға да жетпейді. Соның салдарынан, жалақыдағы алшақтық 25 пайыздан төмендемей отыр.
Бұл жағдай Қазақстандағы әйелдердің ерлерге қарағанда білім деңгейі төмен екенін білдірмейді. Керісінше, олар мансапқа жету жолында «шыны төбе» (көрінбейтін кедергілер) немесе «жабысқақ еден» (екінші ауысымдағы тұрмыстық міндеттер) сияқты тосқауылдарға тап болады. Әйелдер көбінесе бала күтімі мен отбасылық жауапкершіліктерді мойнына алады, сондықтан мансап екінші кезекке ығысады. Олардың басым бөлігі үшін ең басты құндылық – отбасы мен балалардың жағдайы. Осы факторлар мансаптық өсудің баяулауына және жалақыдағы алшақтықтың сақталуына әсер етеді.
Гендерлік зерттеулер көрсеткендей, жалақыдағы теңсіздік – ең өзекті мәселенің бірі. Әйелдер еңбегінің төмен бағалануы макроэкономикалық тұрғыдан ел экономикасына кері әсер етеді. Себебі жалақы айырмашылығы ұлғайған сайын, мемлекет экономикалық тұрғыдан ұтылады, бұл еңбек нарығынан бастап, жалпы экономикалық саясатқа дейін теріс ықпалын тигізеді.
Әлемде гендерлік жалақы айырмашылығын толықтай жойған мемлекет жоқ. Дегенмен кейбір елдер бұл айырмашылықты 10-12 пайызға дейін төмендете алды. Алайда олардың қолданған саяси әдістері Қазақстанда дәл сол күйінде тиімді болмауы мүмкін. Себебі біздің елдің еңбек нарығының құрылымы, халықтың жасы, этникалық құрамы, білім деңгейі мен мамандықтар арасындағы теңгерімсіздік сияқты бірқатар ерекшеліктері бар. Сондықтан бұл мәселені шешу кезінде ең үздік халықаралық тәжірибені жай ғана көшіріп алудың орнына, Қазақстан әйелдерінің еңбек нарығындағы нақты қажеттіліктерін ескере отырып шешім қабылдау қажет.
Қазақстанда жалақысы ең жоғары салалар – мұнай-газ, телекоммуникация, IT және техника салалары. Алайда бұл салаларда әйелдердің үлесі аз болғандықтан, жалпы алғанда қазақстандық әйелдер төмен жалақы төленетін салаларда шоғырланып отыр. Егер STEM (ғылым, технология, инженерия, математика) саласында, сондай-ақ мұнай-газ және телекоммуникация салаларында әйелдердің үлесін арттыру бойынша мақсатты шаралар қабылданса, олардың да табыс деңгейі жоғарылайтын еді.
Бұл – кешенді мәселе. Мәселен, жалақы айырмашылығын 5 жылда 25 пайыздан 15 пайызға төмендету сияқты нақты мақсат қойылса, оны тек Ұлттық экономика министрлігі шеңберінде қарастыру жеткіліксіз. Ол үшін бүкіл мемлекеттік құрылымдарды қамтитын кешенді стратегия қажет. Мысалы, STEM саласында білім алатын әйелдердің санын арттыруға арналған арнайы бағдарламалар әзірлеу, «Самұрық-Қазына» қорының топ-менеджментіндегі әйелдердің үлесін 2030 жылға қарай 35 пайызға жеткізу сияқты нақты индикаторлар мен шаралар қолға алынуға тиіс.
Жалақы теңсіздігі – нарықтың өзі реттей алатын мәселе емес, сондықтан бұл мәселені әйелдер өздігінен шеше алмайды. Гендерлік жалақы айырмашылығын қысқарту үшін мемлекет тарапынан жүйелі әрі стратегиялық шешімдер қабылдануы қажет.

Осылайша, жалақы теңдігі – әлем бойынша тұтас қоғамның экономикалық және әлеуметтік дамуына әсер ететін фактор ретінде қарастырылады. Әйелдер мен ерлердің еңбегіне лайықты ақы төлеу – әділеттіліктің ғана емес, елдің экономикалық тұрақтылығы мен өсімінің де маңызды шарты. Бұл бағыттағы оң өзгерістер тек әйелдердің ғана емес, бүкіл ел экономикасының дамуына оң әсерін тигізеді.

сурет: istockphoto.com

https://turkystan.kz/article/256907-ielder-nege-az-zhalaky-alady

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow