«Адам сыйып кететін сейфте қамалып өлген бай туралы» уағыз

«Адам сыйып кететін сейфте қамалып өлген бай туралы» уағыз

Кеше Астанада «Қазақстан қоғамында уағыз айтудың әдебі мен мәдениеті» деп аталатын уағызшылардың тұңғыш форумы өтіпті. Форумға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы төрағалық етіп, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қатысыпты.

Ниет дұрыс. Молдаларға уағыз айтудың әдебі мен мәдениетін үйрету керек-ақ. Әсіресе, жас молдаларға.

Уағыз
Фото: ҚМДБ

Жақында Алматы маңындағы ауылдардың біріне асқа бардым. Тоқсанға жақындап барып өмірден озған ақсақалдың қырық күндігі. Адам көп жиналды, бірақ ас белгіленген уақыттан кешігіп басталды. Себебі – молда кешікті. Сағатымызға қайта-қайта қарап, біршама отырып қалдық.

Сүт пісірім уақыттан соң «молда келді, молда келді...» дегенді естіп, дауыс шыққан жаққа қарасақ, құдай салмасын, жап-жас, жұп-жұмыр, жып-жылтыр «молдекең» қойқаң-қойқаң етіп кіріп келе жатыр екен! Жұрт қоғадай жапырылып, ақсақал-қарасақалдар ығысып, «молдекеңе» ең төрден орын босатты. «Кешіккенім аздай, ақсақалдарды орнынан тұрғызғаным ұят болды-ау» деген ой «молдекеңде» жоқ. Жәутеңдеп отырған жұртқа маңғаздана бір қарап алды да, кірлей бастаған ақ шапанының етегі желп етіп, босаған орынға қонжия кетті.

Ақсақалдардың бірі бата беріп, сүйкімсіз әрі қарлығыңқы даусымен «молдекең» құран оқып болған соң жұрт асқа бас қойды. «Молдекең» де дастарханға төніп алып, құнжыңдап жатыр...

Ас ішу саябырсыған кезде «молдекең» микрофонға қатты жөткірініп жұртты селк еткізді де, уағызын бастады.

– ...Уа, ағайын! Мына Англия деген елде бір бай өмір сүрген екен. Бай болғанда да сұмдық енді, байдың байы екен! Ақша, жақұт, алтын-күмісінің көптігі сонша, ішіне адам сыйып кететін сейф жасатып, байлығын соның ішіне сақтапты. Әлгі бай күнде сейфінің ішіне кіріп, байлығына қарап масаттанғаннан рақат алады екен.

Күндердің-күнінде бай сейфтің ішіне кіріп, тағы да масаттанып тұрғанда есік тарс етіп жабылып қалыпты. Есік ішінен ашылмайды екен, сыртынан ашайын десе, өзінен басқа ешкім аша алмайды. Сөйтіп әлгі бай адам сыйып кететін сейфтегі байлығының ортасында өліпті. Яғни, байлыққа масаттануға болмайды екен. Байлық сені өлімнен құтқара алмайды екен...»

«Молдекең» уағыз айтып жатқанда әр үстелден екі иығы селкілдеп, басын көтере алмай қыстыға күліп отырғандары көзім шалды. Ақсақал-қарасақалдар өзара әңгімелесіп кетіпті. Кейбірі ғана көзі жасаурап, «молдекеңнің» аузына қарап қалған.

Сейф
Фото: Getty Images

Осындай да уағыз бола ма?! Ағылшын байының өз сейфіне қамалып өлгені тарихта болды ма, жоқ па, ол жағын білмеймін. Соншама байлық жиып, «адам сыйып кететін сейф» жасатуға басы жеткен әлгі байдың есікті іштен ашылатын етіп жасап алуға ақылы жетпегене қалай күлмейсің?!

Кезекті бір қисынсыз уағыз құлағыма жетіп, үлкен-кішінің алдында күлкімді тыя алмай құдай атпасын деп, ойымды басқа жаққа бұрып әкеттім...

Кешегі жиында «Уағыз-насихат айтудың әдебі мен мәдениеті» тұғырнамасы қабылданғанын естідік. Мүфтиятқа сенсек, тұғырнамада халық арасында уағыз айтып, жамағатқа адал мен арамды түсіндіріп жүретін имамдарға қажетті ереже-қағидалар қамтылыпты.

«Бұл құжаттың мақсаты – ҚМДБ-на қарасты мешіттерде уағыз-насихат жұмыстарының бірізділігін қамтамасыз ету, дін қызметкерлеріне дініміздің құндылықтарын дұрыс бағытта дәріптеу үшін бағыт-бағдар беру, уағыз-насихат айтудың методикасына назар аудару және діни уағыз-насихаттың моделін қалыптастыру», – депті ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Берденұлы.

Алда Қасиетті Ораза айы келе жатыр. Уағыздың түр-түрін, қисынды-қисынсызын еститін ай. Тұжырымдаманың қаншалықты іске асқанын осы кезде көреміз.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow